Баянауылдағы аламан: ең жүйріктерге қомақты жүлде мен автокөлік бұйырды

Баянауылдағы аламан: ең жүйріктерге қомақты жүлде мен автокөлік бұйырды
Фото: автор

Ұлы ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына арналған мерейтой аясында Баянауыл төрінде ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақ күресінен өткен жарыстарға алты өңірден (Астана, Ақмола, Қостанай, Тараз, Қарағанды және Павлодар) балуандар келді. Бас төреші Өміртай Шәріпжановтың айтуынша, бәсеке екі салмақ бойынша өтті.

90 келіге дейінгі салмақта 16 балуан белдесті. Бірінші орынға мотоцикл, екінші орынға – 300 мың теңге, үшінші орынға – 200 мың теңге тігілді. Бірінгі орынды астаналық Мереке Қуаныш иеленді.

90 келіден жоғары салмақта 12 түйе балуан бақ сынады. Бас жүлде – 1 миллион теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге берілді. Баянауылдық Дәлелхан Мұхтар бірінші орынды қанжығасына байлады. 

Көкпар додасы да ерекше тартысты өтті. Қатысқан командалар арасында мықтылар анықталып, жүлде қоры қомақты болды.

Нәтижесінде бірінші орын иеленген Құлатай командасына үш миллион теңге бұйырды. 

Ұлттық мерекенің шырайын ашқан бәйге жарыстары аламан, топ бәйге және жабық бәйге түрлерінде өтті. Бас төреші Ғалымжан Сейдімхановтың айтуынша, аламанға 23 ат (25 шақырым), топ бәйгеге 29 ат (15 шақырым), ал жабық бәйгеге 28 ат қатысқан.

Жабық бәйгеде Сейітжан Каримов, топ бәйгеде алматылық Сапарғали Сатпаев, аламан бәйгеде Абай облсынан келген Кенжебаевтар әулеті топ жарды. 

Жүлде қоры да ауқымды болды: аламан бәйгеде бірінші орын иегеріне автокөлік табысталды. Екінші орын – екі млн теңге, үшінші орын – бір млн теңге, төртінші орын – 700 мың теңге, бесінші орын – 300 мың теңге. Осындай көлемдегі қаржылай жүлделер топ бәйге мен жабық бәйгенің жеңімпаздарына да үлестірілді.

Жарыстарға жиналған жұртшылық үшін ұлттық спорт ойындары мерекенің сәнін кіргізді. Жаяу Мұсадай ұлы тұлғаның 190 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі додалар спорт сүйер қауымға ерекше әсер қалдырды.