Павлодарлық жастар ұлттық ойында үздік шықты

Павлодарлық жастар ұлттық ойында үздік шықты
Фото: Константин Шелков

Жергілікті спортшылар халықаралық турнирге жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оралда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Чемпионат еліміздің барлық аймақтарынан 400-ге жуық спортшының басын қосты. Павлодар облысының құрамасы 23 медаль жеңіп алып, оның жетеуі алтын болды. Соның арқасында облыс спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

- Чемпионат тамаша өтті, қатысушылардың көптігі, ұйымдастыру деңгейі жоғарылығы - бәрі тамаша, - дейді Павлодар облысының жаттықтырушысы, әлем чемпионы Ринат Керейбаев. – Тағы бір ерекшелік, турнир барысында барлық жастағы әлем чемпионаттарына жолдама сарапқа салынды. Мәселен, Черное ауылынан екі шәкіртім әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алды.

Тамыз айында Алматыда мектептер арасындағы әлем чемпионаты, Оралда 19 жастағы спортшылар арасында Дүниежүзілік форум, Чехияда 21 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы чемпионат өтеді.