Баянауылда 500 литр наурыз көже таратылады

Баянауылда 500 литр наурыз көже таратылады

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Баянауыл ауылдық округінде 12 киіз үй тігіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауылдық округінің әкімі Бүркітбай Бижанов қазіргі таңда мұнда ат спортынан сайыстар  басталып кеткенін айтты 

- Бүгін яғни 21 науыр күні стадионда ат спортынан жарыстар басталды. Ертең финалы өтеді. Жалпы, ұлық мерекеге орай мұнда орталық алаңда 12 киіз үй тігіледі. Одан бөлек, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өтеді. Сахналық көріністер болады, - деді ол.

Сонымен қатар, 12 киіз үй қазақтың салт-дәстүрлеріне сай атаулармен аталған. Мысалы, "Дәлет", "Мереке", "Парасат", "Бірлік" тәрізді атаулар берілген. 

- Біздің ауылда 6 мыңнан астам тұрғын бар. Осы мерекеге жоспар бойынша 1200-1300 адам жиналады деп күтілуде. Мұнда әрбір киіз үй 100 адамға тегін ас таратады. Наурыз көже, бауырсақ, құрт-ірімшік тәрізді ұлттық астар мен ыстық тамақтарды тойшыл қауымға ұсынады. Бұдан бөлек, әр киіз үй 30-40 литр көже әзірлейді. Жалпы есепте осы айтулы мерекеге орай, біздің ауылдан 500 литр наурыз көже таратылады, - деді ауыл әкімі. 

Бүркітбай Бижанов наурызда 300 кг жуық бауырсақ пен 500 кг жуық ыстық тамақ үлестірілетінін айтты.  

- Қазіргі таңда 8 киіз үй құрылып болса, кешке дейін тағы 4 киіз үй тігіледі. Бұдан бөлек, сауда нүктелері де жұмыс істейді. Алтыбақан құрылды. Ертең жерлестеріміз арасында асық, садақ ату мен арқан тарту, кір көтеруден сайыстар өтеді. Ұлттық ойындар ересектер мен балалар арасында өтеді. Жеңімпаздар жас категориясына сай таңдалады, - деп толықтырды ол. 

Ұлттық ойындардың жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталады.