Баянауылда төрт көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Биыл аудан орталығындағы бірнеше көше мен Шонай ауылындағы жолдар жөнделеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексеру мақсатында аудан орталығындағы Е. Бекмаханов және Х. Абылғазин көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты.
Қазіргі уақытта аталған көшелерде мердігер ұйымдар жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба аясында аудан орталығындағы Көпеев, Бектұров, Е. Бекмаханов және Абылғазин көшелерін жаңарту көзделген. Сонымен қатар Шонай ауылында да жол жөнделеді.
– Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жолдардың сапалы салынуы – басты талап. Жауапты тұлғаларға жұмысты бекітілген кестеге сай мерзімінде аяқтап, сапаға ерекше мән беруді тапсырдым, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы жол жөндеу жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.