Баянауылдық жастар Халық қаһармандарымен жүздесті

Баянауылдық жастар Халық қаһармандарымен жүздесті
Фото: Баянауыл ақпарат инстаграмм желісінен

Келген қонақтар керемет көңіл-күймен кері жолға шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Баянауыл ауданының орталығындағы Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернатында Халық қаһарманы мен Қазақстанның Еңбек ерлерімен кездесу өтті. Кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. 

Құрметті қонақтар қатарында генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, «Halyq Batyrlary» журналының бас редакторы Ерсайын Галеев, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrly» ұйымының атқарушы директоры Болат Ақжалов, «Каркен» агрофирмасының басшысы Сайран Буканов, Екібастұздың Еңбек ерлері Рышат Әмренов пен Мұрат Қайыргелдин, еңбек сіңірген кенші Тұрсынбек Макишев және Қазақстанның Еңбек ері, ұстаз Эльмара Траисова мен жолдасы Тимур Тәукен болды.

Қонақтарды №2 Шапық Шөкин мектебінің оқытушысы, ақын Таңат Ахатов өз арнауымен қарсы алды. 

– Ақынның өнері мені таң қалдырды. Өте керемет жазылған өлең. Маған ешкім осылай арнау айтып, күтіп алмаған еді. Баянауыл өте керемет жер екен, – деді  Эльмара Траисова. 

Іс-шара барысында қонақтар өз өмір жолдары, Отан алдындағы ерліктері мен еңбек жолындағы жетістіктері туралы әңгімелеп берді. Жастарға патриоттық тәрбие беру, елге деген сүйіспеншілікті арттыру, еңбекке деген жауапкершілікті қалыптастыру жөнінде маңызды кеңестер айтылды.

Мектеп оқушылары батырларға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ашық әңгіме алаңына айналған кездесу тартымды әрі әсерлі болды. Оның ішінде №2 Шапық Шөкин мектеп оқушысы Арайлым Сейсенбек Бақытжан Ертаевқа  сұрақ қойды. Ол «Қазіргі таңда жас ұрпақтың Отан қорғауға деген жауапкершілігін арттыру үшін нені басты назарда ұстау керек деп есептейсіз, және өз өмірлік тәжірибеңізден қандай өнегемен бөлісер едіңіз?» деген сұрақ қойды.

– Жастарға айтарым өзімнің тәжірибем бойынша, әсіресе жас жігіттерден  әскерден қашпауын сұрар едім. Әскер бір жыл ғана барып келе алатын жер деп санаймын, – деді Бақытжан Ертаев. 

Кездесу соңында Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев  келген қонақтарға алғысын білдірді. Оның сөзінше, осындай тағылымды кездесулер өскелең ұрпаққа рухани азық болып, оларды елжандылыққа тәрбиелей түседі.

Айта кетейік, қонақтар ертең таңертең «Достық үйінде» болатын конференцияға қатысып, одан кейін Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатына барады.