Депутаттар Павлодар маңындағы ауылдардағы ауызсу мәселесін қарады

Депутаттар Павлодар маңындағы ауылдардағы ауызсу мәселесін қарады

Қоғамдық ұйымдар мердігерді кінәлі деп тануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сапалы ауызсумен қамту мәселесі «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында егжей-тегжейлі қарастырылды.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынованың берген ақпаратына сәйкес, бұл бағыт бойынша 2022 жылы жалпы құны 2,6 миллиард теңге тұратын 15,5 шақырым желілерді салу және қайта құру бойынша алты жоба еңсерілді.

- Аталмыш іс-шараларды атқару нәтижесінде қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамту деңгейі 96%-ға артты. 2023 жылы 4,1 шақырым желіні салу және қайта құру бойынша жалпы құны үш миллиард теңге тұратын жеті жоба жүзеге асырылуда. 2023 жылдың қорытындылары бойынша тұрғындардың ауызсуға қолжетімділігін 97%-ға арттыру көзделуде, - деді Күлбаршын Арынова.

Қала тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен толық қамту 2025 жылға жоспарланған.

Алайда, жағдай қағаз жүзіндегіден өзгешелеу болып шықты. Партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Санира Жүсіпова Павлодар және Жетекші ауылдарындағы су құбырларын салу жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы түсіндірме беруін талап етті. 

Аталған қала маңындағы ауылдарда сумен қамту жүйесі әлі салынбаған. Павлодар ауылында жұмыс аяқталуға жақындаса, Жетекшіде 2021 жылы басталған құрылыстың шеті көрінбейді. 

- Жетекші ауылының тұрғындары қалалық филиалдан шықпайды деуге болады, олар таза ауызсудың жоқтығына наразы. 21 ғасырда осындай жағдайдың орын алуы түсініксіз. Алғашында мердігер ұйым өкілдері байланысқа шығып, жағдайды түсіндіріп жүрсе, енді олар мүлдем із-түзсіз жоғалды, - дейді Санира Жүсіпова.

Жобаны жүзеге асыруға қалалық әкімдік жауапты, сол себепті қалалық құрылыс бөлімі сектор меңгерушісі Арман Асылханов сөз алды. Оның сөзіне қарағанда, «Көлсай Строй» ЖШС ұйымын жауапсыз деп тану жөнінде сотқа шағым әзірленуде. Мердігердің есеп-шоттары бұғатталды.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, «Павлодар» ӘКК корпоративтік қор басшысы Олег Костенко «Көлсай Строй» ЖШС ұйымымен келісім-шартты бұзып, жаңа мердігер ұйымды іздестіруді ұсынды.

- Мұндай мердігермен қош айтысу керек, көріп тұрғанымыздай, ол шынымен де өз ісіне адал кәсіпкер емес. Қанша ақша салсақ та, ол жұмыс істейтін түрі жоқ. Жауапты мердігер таппағанша, бұл іс бітпейді, - деді Олег Костенко.

Облыста барлығы 352 ауылдық елді мекен бар, олардың 294-і таза ауызсуға қол жеткізген. 198 ауылда орталық сумен қамту жүйесі болса, 96 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған 58 ауылда ұңғымадан су алады, 18 ауыл оңтайландырылады.

Фото: «AMANAT» партиясы ПОФ баспасөз қызметі