Екібастұз сәбилер бақшасының әдіскері облыста үздік атанды

Екібастұз сәбилер бақшасының әдіскері облыста үздік атанды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Республикалық кезеңге жолдама алған ол облыс намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері арасында кәсіби шеберлікті арттыру, инновациялық тәжірибелерді анықтау және оларды кеңінен тарату мақсатында ұйымдастырылған «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» конкурсының облыстық кезеңі өтті. 

– Аталған іс-шара облыстық деңгейде әдіскерлердің кәсіби дамуына ерекше мән беріліп, олардың шығармашылық әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналды, – дейді облыстық білім беру басқармасында. – Облыстық кезеңге аудандық және қалалық деңгейде жеңіске жеткен жеті үздік әдіскер қатысып, өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. 

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылардың портфолиолары онлайн форматта қаралып, олардың кәсіби жетістіктері мен инновациялық жобалары бағаланды. Ал екінші кезеңде әдіскерлер «Заманауи мектепке дейінгі ұйымның әдіскері» тақырыбында өз жұмыс тәжірибелерін оффлайн форматта ұсынып, өздерінің кәсіби білімдерін, шығармашылық қабілеттерін және жаңа әдістемелерді қолдану шеберліктерін паш етті.

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Екібастұз қаласындағы №6 көптілдікті дамыту орталығының сәбилер бақшасының әдіскері Елена Подвиженко иеленді. Оның инновациялық жұмыстары мен шығармашылық тәсілдері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Әдіскер республикалық кезеңге жолдама алып, облысымыздың намысын қорғайтын болады.

Екінші орынды Павлодар қаласындағы №38 сәбилер бақшасының әдіскері Жанар Мухтаева, үшінші орынды Ақсу қаласының «Балапан» сәбилер бақшасының әдіскері Ляйля Асқарова қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, конкурста қосымша номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Іскер әдіскер» номинациясын Тереңкөл ауданының «Талбесік» сәбилер бақшасының әдіскері Таңнұры Абрахманова, «Жаңашыл әдіскер» номинациясын Май ауданының «Ақбота» сәбилер бақшасының әдіскері Айгерім Мұсапова, «Көшбасшы әдіскер» номинациясын Шарбақты ауданының «Балдәурен» сәбилер бақшасының әдіскері Елена Григораш иеленді.