Екібастұз тұрғындары енді компьютерлік томографиядан өз қаласында өте алады

Екібастұз тұрғындары енді компьютерлік томографиядан өз қаласында өте алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

№2 емханаға құны 300 миллион теңгеден асатын жаңа медициналық құрылғы орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Аян Бейсекин «Дербестендірілген медицина орталығы» ЖШС-нің №2 емханасына барып, жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен және жаңа сәулелік диагностика бөлімінің қызметімен танысты.

Қала басшысының мәліметінше, облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен емханада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы жүзеге асырылған. Инвесторлар екі корпусты қайта жаңғыртуға және оларды байланыстыратын галерея салуға 180 миллион теңге бөлген. Нәтижесінде 12 жаңа жұмыс орны ашылды.

Медициналық мекемеде құны 327 миллион теңге болатын Siemens компьютерлік томографы орнатылды. Бұған дейін мұндай тексеруден өту үшін тұрғындар Павлодарға баруға мәжбүр болған.

Сонымен қатар емханаға 25,5 миллион теңгеге флюорограф және 30 миллион теңгеге жуық қаражатқа ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынды. Бөлімде рентген аппараты мен маммограф та жұмыс істейді.

– Бұрын компьютерлік томографиядан өту үшін тұрғындар Павлодарға баратын. Енді бұл тексеруден Екібастұзда өтуге болады. Емхана басшылығына жабдықтардың үздіксіз жұмысын және медициналық тексерулердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді Аян Бейсекин.

Компьютерлік томография Екібастұз өңірінің барлық тұрғынына дәрігердің жолдамасы бойынша қолжетімді. Бөлім жұмыс күндері түнгі сағат 00:00-ге дейін, сенбіде 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Бұдан бөлек, инвесторлар есебінен Шідерті және Солнечный кенттерінде дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр. Оларды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Қала әкімі денсаулық сақтау саласындағы өзге де мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Аян Бейсекин (@abeysekin)