Екібастұзда ағаштың кесірінен зейнеткер жамбасын сындырды

Ол жансақтау бөлімінде ем алып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Үйдің ауласында құлаған ағаш зейнеткерге ауыр жарақат әкелді. Жедел жәрдем оқиға орнына жеті минут ішінде келді. 77 жастағы қала тұрғынына оң жақтағы жамбастың төменгі үштен бір бөлігінің жабық сынуы, кеуде омыртқасының көгеруі, бастың жабық жарақаты және мидың шайқалуы диагноздары қойылды.
Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қажет болған жағдайда әйелді облыс орталығының стационарына тасымалдайды.
– Өңірдің медициналық ұйымдарына барлығы 18 адам жүгінді. Оларда негізінен сынықтар, жабық ми жарақаттары мен көгерулер анықталды, – деді Айгүл Мұқышева.
Павлодардың №1 ауруханасында екі адам емделуде. Реанимациядан бөлімге оң білегін ағаш бұтағы тесіп өткен 18 жастағы жігіт ауыстырылды.
– Оған операция жасалып, бөгде зат шығарылды, – деді стационарда. – Сонымен қатар, науқасқа қабырғасының сынуы және өкпенің көгеруі диагнозы қойылған.
Дәл осы ауруханаға 28 жастағы қыз түрлі жарақаттармен және жамбас сүйегі сынуымен түсті. Оған Илизаров аппараты салынды.
Ал, облыстық балалар ауруханасына бес жастағы екі бала жатқызылды. Екеуі де «Версаль» шаштаразының жанында ағаш құлағандықтан жарақат алды.
– Баланың іш қуысының алдыңғы қабырғасының жұмсақ тіндері жарақаттанды, бас терісінің көгерген-жыртылған жарасы, сол жақтағы бел аймағының жарасы бар, – деп хабарлады ауруханада.
Ол балалар ауруханасының хирургиялық бөлімінде емделеді.
Дәрігерлер қызға компьютерлік томографиядан кейін «маңдай мен оң көздің гематомасы, оң жақтағы орбиталық аймақтың сынуы» деген диагнозын қойды.
Дауылдан зардап шеккен қалған облыс тұрғындары амбулаториялық ем алуда.
Еске сала кетейік, 19 маусым күні өңірімізде екпіні секундына 43 метрге дейін жететін дауылды жел болды. Ол айтарлықтай зиян келтірді: электр желілері зақымдалды, шатырлар қирады, ағаштар құлады. Дереу жедел штаб құрылып, облыстық ТЖ комиссиясының кезектен тыс отырысы өткізілді. Дауылды желдің эпицентрінде – Ақсу, Екібастұз, Павлодар қалалары, сондай-ақ Баянауыл, Май және Павлодар аудандары тап болды.