Екібастұзда емханаға жазылмаған тұрғынды дәрігер «қабылдаған»
Биыл сегіз айда өңірде медициналық ұйымдарының жұмысына қатысты 750-ден астам шағым түскен, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында айтылды.
– Екібастұз емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер науқасты «қабылдаған». Ал әйелдің айтуынша, ол бұл дәрігерге жазылмаған. Екінші жағдайда пациент медициналық ақпараттық жүйеде Павлодар емханасына қабылдауға жазылғанын көрген. Ал шын мәнінде, әйел адам Астанада тұрады және елордалық медициналық мекемеге бекітілген, – деп хабарлады қорда.
2023 жылдың сегіз айында қорға облыстың медициналық ұйымдарының жұмысына қатысты 750-ден астам шағым түскен. Оның ішінде 39-ы тіркеу мәселелеріне қатысты. Үш шағым бойынша тексерулер қажет болған.
Медициналық қызметтер сапасының жоспардан тыс мониторингі екі шағымның орынды екенін растады, олар бойынша жабдықтаушыларға экономикалық ықпал ету шаралары қабылданды.
– Медициналық ұйым пациентке нақты көрсетілмеген медициналық қызметті тағайындады және қорға төлеуге шот-фактура жолдаған, – деп толықтырды қорда. – Жалған тіркеу дәлелденген кезде медициналық қызметтерді сатып алу шарты бойынша жабдықтаушыға төлем сомасын азайту үшін негіз ретінде ақау кодтарын қолданамыз.
Ақша қордың шотына қайтарылады, болашақта пациенттерге нақты көрсетілген медициналық қызметтерді төлеуге жұмсалады.
Әлеуметтік желілерде жалған жазбалар туралы ақпарат жиі пайда болады, бірақ бұл хабарламалар ресми түрде жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды.
Егер көрсетілмеген медициналық қызмет бойынша жалған жазбалар тағайындалған болса, бұл туралы медициналық сақтандыру қорына немесе @saqtandyrybot Telegram-боты арқылы жазбаша хабарлау қажет. Ол үшін «Өтінішті 1414-ке қалдыру» бөлімін таңдап, ЖСН, мәтінді енгізу, EGOV немесе медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасынан (мысалы, Damumed) хабарлама скриншотын тіркеп, одан әрі өтініш жіберу қажет.
Естеріңізге сала кетейік, өңір тұрғындарымен кері байланыс үшін бірнеше тікелей желі жұмыс істейді: 1414-бірыңғай ақпараттық колл-орталық, «Qoldau 24/7», «SaqtandyryBot» мобильді қосымшалары, fms.kz Қор сайты.
Барлық өтініштер «AikeyFMSCRM» ақпараттық жүйесінде тіркеледі.