Екібастұзда лауазымды тұлға перзентхананы сусыз қалдырған

Екібастұзда лауазымды тұлға перзентхананы сусыз қалдырған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаланың төтенше жағдайлар қызметінің арқасында жағдай дереу түзетілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қыркүйек күні сағат 18.00 шамасында қаланың көше-жол желісіне тексеру жүргізу кезінде Мәметова көшесі мекенжайында перзентхананың аумағында және жанында жер жұмыстарын заңсыз жүргізу фактісі анықталды. Жұмыстарды заңсыз жүргізу кезінде су құбыры бүлініп, перзентхана біраз уақыт сусыз қалды.

Жер жұмыстарын орындаған ЖШС басшысы тиісті рұқсатсыз Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы саласындағы заңнамасында белгіленген жолдарда жұмыстар жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Лауазымды адамға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлады Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Нұрғазы Жәмшитов. 

Полиция полковнигі мұндай жағдайды болдырмау үшін жөндеу немесе басқа жұмыстарды жүргізу мәселелерін дұрыс келісу маңызды екенін еске салады. Яғни, арнайы рұқсатсыз машиналар мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін жұмыстарды жүргізуге болмайды. Қазуды, қоршауларды және айналма жолдарды ұйымдастыру жөніндегі схемалар жергілікті атқарушы органдармен бекітілуі және келісілуі тиіс.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың тоғыз айында жолдарда жұмыстарды жүргізу, жолдарды күтіп ұстау және басқа да жол құрылыстары бойынша талаптарды орындамағаны үшін 19 бұзушылық анықталды.