Екібастұзда мас жүргізуші полицейлерден жасырынуға тырысты (ВИДЕО)
Тәртіп сақшылары автокөлікті мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз жүргізу фактісін анықтады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 мамырда сағат 16.00 шамасында полицейлер арнайы дауыс зорайтқыш құрылғының көмегімен жол жүру ережелерін бұзғаны үшін Ваз-21154 маркалы автокөлікті тоқтатуға тырысты. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талаптарын елемей, әрі қарай жүре берген және жасырынуға тырысқан.
– Құқық бұзушы қуып жету нәтижесінде ұсталды. Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес ер адам рөлде орташа дәрежелі мас күйінде болған. Сонымен қатар, оның көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ екендігі анықталды. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Фаруз Күсембеков.
Аталған фактіге қатысты 24 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Сот қаулысымен жүргізуші 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды
Айта кетейік, полицейлер биыл тек Екібастұз өңірі бойынша көлік құралдарын басқарғаны үшін мас күйінде болған 78 қылмыскердің жолын кесті, олардың барлығы жауапкершілікке тартылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram