Екібастұзда «Mercedes Benz» жүргізушісі қарсы жолаққа шықты

Ол әкімшілік жауапқа тартылып, ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушылық Беркімбаев көшесінде тіркелген.
– Аталған факті бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сот қарауына жіберілді. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға және өз өмірлері мен өзгенің қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырады, – делінген ведомство хабарламасында.
Ағымдағы жылы облыс бойынша қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 253 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Оның 36-сы – Екібастұз қаласында. Барлық құқық бұзушылар алты ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.
Екібастұз полициясы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Дегенмен, жүргізушілер арасында жол ережесін өрескел бұзу фактілері әлі де тіркелуде.