Екібастұзда жөндеу жүргізіліп жатқан мектептер тексерілді
Ауа райының қолайсыздығынан жұмыстар кестеден кешігіп жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Депутаттық фракция Партиялық бақылау комиссиясы және «АМАNАТ» партиясы қалалық филиалының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірлесіп әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылауды жалғастыруда.
Партия мүшелері №2, 11, 17, 33 мектептер мен «Қайнар» бассейнінде болды.
№2 мектепте шатырды жөндеу жалғасуда. Техникалық қадағалау өкілінің айтуынша, учаскеде 17 адам жұмыс істеуі керек. Дегенмен, жұмыс орнында партия мүшелері бес адамды ғана көрген. Оған қоса, ауа-райының қолайсыздығынан жұмыстар кестеден кешігіп жүргізілуде. Партия мүшелері рафтерлердің өртке қарсы сапасыз өңделгеніне ескерту жасады. Мердігер жаңбырды себеп етіп, өңделген қабаттың шайылып кеткенін айтты. Алайда, депутаттар бұл мәлімдемемен келіспеді. Сонымен қатар, партиялықтар жұмыскерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтамайтынын, қажетті құрал-жабдықтар мен қорғаныш киімдерінің жетіспейтінін атап өтті.
№17 мектепте жұмыс аяқталуға жақын. Терезелер орнатылып, тек ұсақ ақауларды жою жұмыстары ғана қалды.
«Қайнар» кешенінің бассейніндегі жұмыстар аяқталуда. Мердігер ақауларды жойып, бассейнге су беруді реттеуде. Алдағы уақытта ғимараттың шыныларын ауыстыру, қасбетін жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Шынжыртабанды көтергіш пен мүмкіндігі шектеулі балаларды бассейнге түсіруге арналған жабдықтар сатып алынды.
Үш жылдан бері №33 орта мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл спорт залды жөндеу, қоршау және абаттандыру жұмыстары аяқталуда.
– №11 орта мектепте кабинеттер мен үй-жайларды күрделі жөндеуде тәуекелдер бар. Техникалық қадағалау өкілінің айтуынша, жұмысшылар саны жеткілікті. Дегенмен, жұмыстар қарқынсыз орындалуда. Әкімдік пен білім бөлімі жұмыстарды уақытылы аяқтап, жаңа оқу жылына дайындық шараларын қолға алды. Мердігерге заңға сәйкес шара қолданылады, – деді аманаттықтар.
Айта кетейік, білім беру нысандарына мониторинг жасау жалғасын таппақ. Себебі, мақсат – 25 тамызға дейін барлық мектептерді оқу жылына дайындау.