Екібастұздық мұғалім Қазақстанның үздік ұстазы атағына ие болды
Махаббат Балтабекова ақшалай сыйақымен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада ел бойынша өткізілген «Үздік педагог-2023» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Марапаттау рәсімінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарға салтанатты түрде марапаттарын табыстады. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 педагогі өз мамандығы бойынша үздік деп танылды. Жеңімпаздардың арасынан Екібастұз қаласының № 25 қазақ қыздар гимназиясының тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі Махаббат Балтабекова үздік ұстаз деген атаққа ие болды.
Жалпы байқауға қатысу үшін барлығы 961 өтінім берілді.
Байқаудың өңірлік кезеңіне барлығы 13 педагог қатысты. Облыстық іріктеу қорытындысы бойынша республикалық кезеңге төрт педагог өтті.
Айта кетейік, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осы күнге дейін Павлодар облысы бойынша 36 педагог үздік деп танылып, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді.
Конкурсты өткізу рәсімі автоматтандырылған және ашық түрде өтті. Республикалық конкурс комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері кірді.