Экология министрлігі Коряковка көліндегі мәселеге назар аударды

Экология министрлігі Коряковка көліндегі мәселеге назар аударды

Арнайы комиссия мүшелері Павлодар облысындағы Коряковка көлін зерттейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова өзінің әлеуметтік желісінде хабарлады.

– ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының сарапшыларынан, экологтардан, қоғам белсенділерінен тұратын комиссия дайындалуда. Олар Коряковка көліне аттанып, зерттеу жүргізетін болады, – дейді Зүлфия Сүлейменова.– Барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін сейсенбіде комиссия көлге барады.

Комиссия жұмысының нәтижелері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтында орналастырылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Коряковка көлінің кеуіп қалғаны түсірілген бейнеролик пайда болды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы тұзды заңсыз өндіру фактісін растаған еді. Болжам бойынша жергілікті тұрғындар өздерінің қажеттіліктері үшін қарабайыр тәсілдермен (ванналарда) тұзды өндірген.

Фото: Константин Шелков