«Ертіс орманында» найзағай орманды отқа орады

Орман күзеті үш өрт ошағын тіркеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өрт «Ертіс орманы» табиғи резерватының Бесқарағай филиалында тіркелді.
– Алайда орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» Павлодар бөлімшесінің жедел әрекетінің арқасында барлық өрт ошақтары қысқа мерзімде сөндіріліп, табиғатқа ауыр зардаптардың алдын алдық. Өртті сөндіру кезінде арнайы су төгу құрылғысы (СТҚ) қолданылып, тікұшақпен алты мәрте су шашылды, – деді «Ертіс орманы» табиғи резерватының баспасөз қызметі.
Ведомство өрт қаупі жоғары кезеңде орман мен далада қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
– Табиғат аясында болғанда ашық от жақпауға, темекі тұқылын тастамауға, шыны сынықтарын қалдырмауға кеңес береміз, өйткені олар күн сәулесінен өрт шығуына себеп болуы мүмкін. Егер отты немесе түтінді байқасаңыз, дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз, – деп ескертті резерваттың баспасөз қызметі.
Резерват өкілдері азаматтардың әрбір сақтық әрекеті ортақ табиғатты қорғауға қосқан үлкен үлес екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, өрт қаупінің артуына байланысты Төтенше жағдайлар департаменті орман алқаптары мен саяжай маңдарына өрт қауіпсіздігі туралы ескертпе-жадынамалар мен шұғыл қызметтердің телефон нөмірлері көрсетілген ақпараттық контейнерлер орнатты.