Екібастұзда жылу бағасы қымбаттай ма?
Коммуналдық қызметкерлер ставканы 109 пайызға көтеруді сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кеншілер шаһарындағы тарифті көтеру мәселесін облыс әкімдігі табиғи монополияларды бақылау жөніндегі өңірлік департаментімен бірге талқылауда. Бірақ жергілікті билік ұсынылып жатқан мөлшерлемемен келіспейді. Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұздағы Энергетика министрімен өткен брифинг барысында хабарлады.
– «Екібастұз жылу энерго» тарапынан жылу энергиясы тарифті 109 пайызға дейін көтеруді сұраған еді. Біз бұған келіспейміз, – деді Асайын Байханов. – Ұлттық экономика министрімен кездесіп, инвестициялық бағдарламаға және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға одан әрі енгізуге байланысты тарифтің өсуін талқылаған болатынбыз.
Аймақ басшысының пікірінше, ауқымды жүргізіліп жатқан жөндеуден соң былтырғы қыста болған жағдай бес жылдан кейін қайталанбауы үшін оңтайлы шешім қажет.
– Тариф мәселесін алатын болсақ, бір жағынан біз тұрғындардың отбасылық бюджетіне үлкен өсімге жол бермеуіміз керек. Ал екінші жағынан «Екібастұз жылу энерго» өзінің жылу желілеріне, сорғы станцияларына, жалақысына инвестициялау үшін қаражаты болуы қажет, – деп түсіндірді Асайын Байханов.
Бұл ретте Асайын Байханов кадрлардың ауысуы күрделі мәселелердің бірі екенін атап өтті. ЖЭО-дағы төмен жалақыға байланысты кәсіпорында тұрақты түрде 200-300 бос орын бар. Бұл көрсеткіш те тарифке байланысты.
– Екібастұзда өнеркәсіп секторында жұмыс істейтін тұрғындарымыз ең төмен жалақы алады. Оларлың жалақысы 150 мың теңгені құрап отыр. Ал секторда 250 мыңға дейін жалақы алып тұрады, – облыс әкімі.
Асайын Байханов тариф бойынша шешімді тамыз айында қабылдайтынын жеткізді.
Фото: Константин Шелков