Екібастұздық мектепте бассейнді қалпына келтіру жұмыстары қайта жанданды

Екібастұздық мектепте бассейнді қалпына келтіру жұмыстары қайта жанданды
Фото: pixabay.com

Бұған дейін қала тұрғындары бассейннің іске қосылу мәселесін талай рет көтерген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин №17 мектептегі бассейннің жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын бақылап, тексерді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бассейнді қайта құру бойынша жұмыстар басталды. Бүгінгі күні ішкі бөлшектеу, шатырды бөлшектеу 80 пайызға орындалды. Сонымен қатар, плиткаларды төсеу жұмыстары жүргізілуде,– деп жазды Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында.

Ішкі инженерлік желілер де ауыстырылды. Ал ғимараттың өзі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып бейімделеді. Аян Бейсекин мердігер ұйымға нысандағы адамдардың санын көбейтуді және техникалық пен авторлық қадағалау орындалатын жұмыстардың сапасын бақылау үшін күн сайын объектіде болуды тапсырды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 15 шілдеге дейін аяқталады.