Елімізде жыл соңына дейін тағы бес өткізу бекеті ашылады

Қазақстанда шекара маңында өткізетін бекеттер саны толығады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, шекара маңында өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр.
– 2025 жылы шекара маңындағы өткізу пункттерін жаңғырту шеңберінде «Қапланбек», «Атамекен», «Көлжат» және «Алакөл» іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бесеуі енгізіледі. Бұл сыртқы контурдағы барлық автоөткізгіштерді жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Өткізу қабілеті 25%-ға өсіп, автокөліктің өту уақыты 9-дан 3 сағатқа дейін қысқарған. СargoRuqsat электрондық кезегі енгізілді, – деп атап өтті вице-премьер.
Сондай-ақ министр биыл қолданысқа енгізілген жаңа заңға тоқталды.
– 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қолданыста. Нәтижесінде шарттар көлемі 2 есе, отандық өндірушілерден сатып алу 2,5 есе өсті. Рәсімдер мерзімі 3-6 есе қысқарды. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін есепке алу және бағалау үшін «Baqylauda» сервисі құрылды. Қазіргі уақытта бизнеске 106 шара қарастырылған. 2015 жылдан 2023 жылға дейін оларды 10 трлн теңгеден астам сомаға 222,5 мың алушы пайдаланды. Қолдау шаралары бойынша деректер салық ақпаратымен интеграцияланады, – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, бұл скоринг жүргізуге, тиімділікті бақылауға, бюджетті жоспарлау кезінде мәліметтерді пайдалануға және қарсы міндеттемелерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.