Ертіс өзенінде мұз жүре бастады
Бұл қызықты көріністің қарқындылығы жыл сайын әлсіреп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылардың көпжылдық мониторингі көрсеткендей, бұл құбылысқа әртүрлі факторлар, соның ішінде температура тәртібі тікелей әсер етеді. Нәтижесінде өзеннің 60-70 шақырымдық учаскесі толығымен қатпайтын болған, сондықтан Ертісте бұрынғыдай ірі мұз кептелістері байқалмайды.
– Ертіс – Обь өзенінің ең үлкен саласы және оның ұзындығы 4248 шақырымды құрайды. Ол тек табиғат байлығы ғана емес, республика экономикасы үшін баға жетпес тұщы су көзі болып табылады. Ертіс-Қарағанды каналы арқылы өзен суы Павлодар, Екібастұз, Семей және Қарағанды қалаларын ауызсумен қамтып, Орталық Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдап отыр, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, өзен ежелден Сібір мен Қазақстанды байланыстыратын маңызды көлік жолы қызметін атқарады.
– Ал Павлодардың орталық жағалауы – қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Жаз мезгілінде мұнда отбасылар демалып, спортпен шұғылданады, ал құтқарушылар азаматтардың қауіпсіздігін тәулік бойы күзеткен, – деп атап өтті мамандар.
Қазіргі таңда мұз көшу кезеңіне байланысты ТЖД қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Мамандар Ертіс өзеніндегі су деңгейін 24 сағат бойы үздіксіз бақылауда ұстап отыр.