Ертіс арқылы өтетін жаңа көпірдің екі жағы қазанда түйіседі
Құрылыс кестеден озып орындалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалының директоры Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, нысанда 80-ге жуық арнайы техника мен 290 жұмысшы жұмылдырылған.
– Көпірді толық жалғауға дейін 110 метр қалды. Оның 40 метрі бетон жұмыстарына, тағы 70 метрі аралық құрылысына тиесілі. Бұл – қала жағындағы кіреберіс аралық. Сонымен қатар төртінші тіректе ұзындығы сегіз метр болатын екі секция, ал үшінші тіректе тағы бір осындай секция орнатылуы керек. Қазан айының ортасына дейін көпірді толық жалғауды, яғни барлық аралықтарды біріктіруді жоспарлап отырмыз. Одан кейін гидрооқшаулау және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, – деп хабарлады Ермұрат Нұрханов.
Аралық құрылысының 84%-ы дайын – 678 метрдің 568 метрі орындалды. Сонымен қатар бригадалар кіреберіс жолды салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысанға 800 мың текше метрден астам топырақ төселді.
Компания өңірлік филиалы директорының айтуынша, көпірде болған өрттен кейін мердігер ұйым зақымдалған мүлікті өз қаражаты есебінен қалпына келтірген.
– Бұл жобаны іске асыру мерзіміне айтарлықтай әсер еткен жоқ, себебі жұмысты кестеден бұрын орындадық. Қазір бұл басымдық іс жүзінде жойылды. Бүгінде бюджеттің шамамен 70%-ы игерілді, – дейді Ермұрат Нұрханов.
Айта кетейік, салынып жатқан көпірде бірнеше рет өрт болған. Алғашқы екі өрт 31 қаңтарда және 1 ақпанда тіркелді. 21 сәуірде өрт сөндірушілер қызыл жалынды жедел бақылауға алып, 160 шаршы метр аумақтағы өртті қысқа мерзімде сөндірді. Кейін өрт салдарынан ер адамның зардап шеккені белгілі болды.
Ұзындығы 2722 метр болатын төрт жолақты көпір – елдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы қазанда Павлодар облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде берген тапсырмасы аясында бой көтеруде.