Ертіс ауданында үздік оқушыларға ақшалай сыйлық беріледі
Бұл балалардың білім алуға деген ынтасын арттыра түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық білім беру саласының қызметкерлерінің облыс әкімімен өткен алқалы жиында Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Нығман Жүсіпов мәлім етті.
– Аудандағы білім ошақтарында оқушыларға білім беріп қана қоймай, жасампаз, табысты, еңбек жолын қалыптастыруға басты назар аударылуда. 2022-2023 оқу жылында 775 бала түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсетуде, – дейді Нығман Жүсіпов.
Оның айтуынша, Ертіс ауданының оқушылары IQanat және «Мың бала» республикалық олимпиадаларына қатысып, жүлдегер атанған. Тоғыз оқушы Павлодар мен Шучинск қалаларында дарынды балаларға арналған үздік мектептерде тегін білім алуда. Сонымен қатар, жеті оқушы «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісімен марапатталған.
– Ауданда жылына екі рет дарынды балаларды қолдау мақсатында оқу үздіктеріне аудан әкімінің шәкіртақысы беріледі. Жыл сайын дарынды балаларға «Жұлдыздар шеруі» өткізіледі. Жаңа оқу жылынан бастап облыстық және республикалық пәндік олимпиадасында үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға да ақшалай сыйлық беру көзделіп отыр, – дейді Нығман Жүсіпов.
Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Ұлттық бірыңғай тестілеуден де жоғары нәтиже көрсетіп жатқанын атап өтті. Бұған дәлел – аудан түлектерінің 56 пайызы мемлекеттік грант ұтып алған.