Ертіс ауданында сырмақты әшекейлеу технологиялары көрсетілді

Ертіс ауданында сырмақты әшекейлеу технологиялары көрсетілді
Фото: Ш. Уәлиханов атындағы ЖОББМ директоры Нығмет Жүсіпов ұсынды

«Оқу үдерісіндегі педагогикалық технологияның тиімділігі» атты тақырыпта аудан мұғалімдеріне көлемді семинар өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараны Ертіс ауданы білім беру бөлімінің сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатындағы «Жол картасы» жобасы негізінде Қарақұдық және Сілеті мектептері ұйымдастырды. 

Семинар бағдарламасының басты ерекшелігі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру аясында аптаның дәйек сөзі болған  «Жаңашылдық заман талабы» тақырыбында дебат өтті. Қатысушылар «Ұрпақ», «Тамыр», «Қазына», «Мұра» атты командаларға бөлінді.

– Жартылай финалда талқыға түскен тақырыпты талқылау, сараптау арқылы екі команда қазылар алқасының шешімімен финалға шығып, «Ұлттық құндылықтар: ұлттық мүдде, ар-ұят, талап» тақырыбында екі жақты салмақты ойларымен қатар көңілге қонымды, тұшымды пікірлер білдірді, – деді Ш. Уәлиханов атындағы ЖОББМ директоры Нығмет Жүсіпов. – Сонымен қатар, «Пән мазмұнын меңгертудегі сауаттылық жолдары» тақырыбында шеберлік сағатында функционалдық сауаттылықтың артықшылықтары жөнінде жаңашылдықтар айтылды. 

Бұдан бөлек, семинар барысында мектеп психологтары мұғалімдермен көңілге жағымды ойындар ойнатқан. 2,6,8-сыныптарда мұғалімдер ашық сабақтар өткізді. Қазақы нақыштағы ұлттық ою-өрнектерді дәріптеу мақсатында  кесте, біз кесте, құрақ тігу, қармақпен тоқу, кесте тігу, сырмақты әшекейлеу технологиялары көрсетілді. Сырмақтың пайда болуының тарихын шолу арқылы оның этномәдени мазмұны ашып көрсетілді. 

– Сырмақ басатын киіздің жүні күні бұрын таңдалып, көбінесе қозы жүнінен алынады. Оны сабағанда да ерекше қадағалап, үлпілдетіп сабайды. Осындай іріктеліп алынған жарамды жүннен сырмаққа арнап бет басады. Бет болатын ақ немесе қара киіздің екеуі екі бөлек басылады. Оны ысырап етпес үшін көлеміне қарай әрі шағын, әрі жүнді үнемдеп жұқалау етіп басады. Сондықтан алдын ала оның көлемін, оған салынатын ою-өрнектің қандай болатынын қарастырады. Сырмақтың беті кейіннен не киізбен, не кенеппен астарланып сырылады, – дейді спикер. 

Семинар соңында білім беру бөлімі мектеп әкімшілігі мен ұжымына алғыстарын білдіріп, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.