«Ертіс орманы» резерватындағы қояндар камераға түсіп қалды

«Ертіс орманы» резерватындағы қояндар камераға түсіп қалды
Фото: pixabay

Соңғы уақытта резерваттағы жабайы жануарлар жиі камера нысанына ілінуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы «Ертіс орманы» табиғи резерватының мамандары мәлімдейді.

 –  Осы жолы орман өмірі фототұзақ объективіне ұзын құлақ сұр қояндар түсіп қалды. Қояндар көбіне ымыртта және түнде белсенді болып келеді. Сондықтан мұндай ерекше кадрлар біз үшін –  таптырмас олжа, - дейді «Ертіс орманы» резерватындағылар.

Айта кетелік, қояндар жыртқыштардан қашқанда сағатына 60 шақырымға дейін жылдамдықпен жүгіре алады. Олардың артқы аяқтары мықты болып келеді. Ол 3 метрге дейін секіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қыста жүндері қалыңдап, түсі ашық бола түседі. Бұл оларға бүркенуге және жылуды сақтауға көмектеседі. 

Орманшылардың айтуынша, орманға қойылған камералар жануарлардың табиғи тіршілік ырғағын бұзбай бақылауға мүмкіндік беруде. Әрі мамандарға популяцияға мониторинг жүргізуге көмектесуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін  «Ертіс орманы» аумағындағы камераларға жоңғар атжалманы түсіп қалған болатын. Резерваттың ғылыми бөлім мамандарының айтуынша, атжалман жүнінің түсін өзгертетін таңғаларлық қасиетімен белгілі. Оның сұрғылт-қоңыр түгі суық түскенде аппақ болатын қасиетімен ерекше. Бұл атжалманды қар үстінде жыртқыштардан жасыруға көмектеседі.

Былтыр мұнда жабайы жануарлардың мекенін және олардың санын зертеуге арналған ғылыми жоба басталған. Бұл үшін мамандар заманауи технологияларды қолдануда.