Павлодарда депутаттар мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

Білім беру нысандарына мониторинг жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының өкілдері «Халықпен бірге!» Жол картасын жүзеге асыру аясында Қ.Мақпалеев атындағы және №27 жалпы орта мектептеріне барып, аралап шықты.
Іс-шараға партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, облыстық мәслихат депутаты Сандуғаш Қалижанова, қалалық мәслихат депутаттары Елена Яровенко және Әлия Асқарова, сондай-ақ, қалалық білім бөлімі басшысының м.а. Жанат Асайынова қатысты.
Қ. Мақпалеев атындағы мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде 160 терезе орнатылды, кабинеттер мен дәліздердің қабырғаларын әрлеу жұмыстары жүргізілуде, еден төсеніштерін салу аяқталды. Терезелер орнатылды, ауланың қасбеті оқшауланған. Жұмыстар жалпы көлемнен 36 пайызға орындалды.
Ал №27 ЖОББМ-де қасбеттер мен терезе блоктары, сондай-ақ ғимараттың су құбыры мен кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өтуде. 236 терезе толығымен орнатылды, терезе ойықтары сыланды. Су құбыры мен кәріз жүйесін күрделі жөндеу бойынша бірінші қабатта және жертөледе бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарының оң динамикасына қарамастан, мониторинг барысында ескертулер мен ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, депутаттар объектілердегі жұмыс бригадаларының санын ұлғайту, сондай-ақ жөндеуді уақтылы және тұрақты қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігіне назар аударды.
– Біз жұмыстың жүріп жатқанын көреміз, бірақ оның қарқыны алаңдаушылық тудырады. Мердігерлердің бекітілген мерзімдерді ұстануы маңызды, өйткені бұл қабырғалардың артында біздің балаларымыздың болашағы жатыр, – деп атап өтті Сандуғаш Қалижанова.
Күрделі жөндеудің сапасын бақылау жұмыстары жалғасатын болады. «AMANAT» партиясы сындарлы диалогқа және балалардың оқу жағдайларына қатысты мәселелерді нақты шешуге бағытталған.