«Ертіс орманы» резерватында түлкі пайда болды

«Ертіс орманы» резерватында түлкі пайда болды
Фото: "Ертіс орманы" резерватынан

Оны мекеменің ғылым бөлімінің маманы суретке түсіріп алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында ғылым бөлімінің маманы орманымыздың сақ әрі ерекше сымбатты тұрғыны — түлкіні фотоға түсіріп алды.

– Түлкі — ең ақылды әрі бейімделгіш жыртқыштардың бірі. Өте жақсы есту қабілетінің арқасында ол қар астындағы болмашы сыбдырдың өзін аңғарып, жемтігінің нақты орнын дәл анықтай алады. Қыста оның қалың жүні бұрынғыдан да үлпілдеп, тығыз бола түсіп, қақаған аяздан сенімді қорғайды, - дейді мамандар.

Орманшылардың айтуынша, резерват аумағында түлкінің пайда болуы — экожүйенің қолайлы жағдайының маңызды көрсеткіші. Бұл жыртқыштар кеміргіштердің санын реттеп, табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады екен.

– Әрбір осындай кездесу «Ертіс орманының» жабайы табиғатының қаншалықты бай әрі алуан түрлі екенін еске салады және мұндағы мекендеушілерді ұқыпты, жанашырлықпен қараудың маңызын айқындай түседі, - делінген хабарламада.

Жануарлар санының салыстырмалы динамикасын есепке алу «Ертіс орманы» МОТР РММ аумағында тұрақты түрде ғылым бөлімінің мамандары мен резерваттың аңшылықтану мамандары тарапынан жүргізіледі. 

Жұмыс барысында жабайы жануарлардың түрлік құрамы мен санына мониторинг жасалып, маусымдық өзгерістер мен популяциялардың жағдайы талданады. Алынған деректер экологиялық жағдайды бағалауға, өзгерістерді уақтылы анықтауға және қорғалатын аумақта биоалуантүрлілікті сақтау мен тұрақты дамыту бойынша қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін ормандағы камераларға қоян мен жоңғар атжалманы түсіп қалғанын жазған болатынбыз.