Ертіс полицейлері оқушыларға танымдық экскурсия ұйымдастырды

Ертіс полицейлері оқушыларға  танымдық экскурсия ұйымдастырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция қызметкерлері мектеп жанындағы лагерьге қатысып жүрген балаларға арналған танымдық экскурсия өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 

Шараның алғашқы бөлімі ішкі істер бөлімі ғимаратындағы мәжіліс залында өтті. Кадр саясаты жөніндегі инспектор Махаббат Мұрсалинова оқушыларға Таразда ерлікпен қаза тапқан полицей Газиз Байтасов туралы баяндады. Ол 2011 жылы 12 қарашада террористі ұстау операциясы кезінде қылмыскерді тоқтатып, өз өмірін құрбан еткен. Сол жылғы 5 желтоқсанда марқұм  Байтасовқа Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.

Экскурсия барысында тәртіп сақшылары қызметтік құралдарды көрсетіп, балаларға бронежилет, дулыға киюге, арнайы қалқан мен резеңке таяқтарды қолдарына алып көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, балалар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Данияр Қайыржановпен бірге Ричи есімді қызметтік иттің жұмысымен танысты.

 

Балалар өзін бірнеше минутқа болса да нағыз құқық қорғаушы ретінде сезінді. Олар үшін бұл ерекше әсер қалдырған сәт болды, – дейді аудандық кітапхананың кітапханашысы Елена Шаройко.

 

Кездесу барысында полицейлер қызметтік көліктерді таныстырып, олардың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері туралы айтып берді. Балалар көлікке отырып көріп, ішкі құрылымымен танысты.

 

Шара соңында балаларға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, жазғы демалысты көңілді әрі қауіпсіз өткізу жайлы тілектер айтылды.

Жансая Мәлік