Ертістің «Батыр қыздары» бақ сынады

Ертістің «Батыр қыздары» бақ сынады
Фото: Ертіс ауданы білім бөлімінен

Шара 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Батыр қыздар» деп аталатын байқау тек спорттық жарыс қана емес, қатысушылардың батылдығын, төзімділігін, әскери және зияткерлік дайындығын сынаған маңызды алаңға айналды.

- Байқау бағдарламасы сан алуан сынақтарды қамтыды. Мәселен, қыздар «АК-74» автоматын жартылай бөлшектеп, қайта жинау, оқжатарды жарақтау мен оқтан босату, кедергілер жолағынан өту, күш жаттығулары, мергендік сайысы, арқан тарту және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын қалтқысыз орындады. Бұл тапсырмалар қыздардың тек дене дайындығын емес, шешім қабылдау, жауапкершілік және қиын жағдайда әрекет ету қабілеттерін де көрсете білді, - деді білім бөлімінің әдіскері Жасұлан Капезов.

Қатысушылар жарысқа үлкен қызығушылықпен келген. Әрбір қыз өз мүмкіндігін көрсетіп, жеңіс тұғырына ұмтылды. Десе де,  нәзік арулар дода барысында бір-бірін қолдап жанашырлық пен достықтың айқын үлгісін көрсете білді. Спорттық және әскери-қолданбалы сынақтар қыздардың ерік-жігерін шыңдап, командалық рухты нығайтқаны сөзсіз.

Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі шараға 66 қыздан құралған 11 команда қатысқан. 

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі I орынды №3 Ертіс орта мектебі иеленсе, 

№1 Ертіс орта мектебінің арулары II орынға тұрақтады. Ал III орынға №4 Ертіс орта мектебінің қыздары ие болды.

Барлық қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, тәжірибе жинақтады. Байқау қыздардың спортқа, салауатты өмір салтына және жауапкершілікке деген қызығушылығын арттырып, бірлікті нығайтатын маңызды іс-шара ретінде есте қалды.