Ертістік ұстаз ауыл мектебін дамытудың жолдарын ұсынды
Ауыл мектебі қаладағы оқу ордаларынан қалыс қалмау керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауылы №3 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Жанар Досанованың айтуынша, бірінші кезекте, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық қамсыздандырылуына көңіл бөлу керек.
- Әр сыныпта мультимедиялық кабинет болса екен деп ойлаймын. Онда балалардың деңгейі де көтерілер еді. Шыны керек, ауыл мектептерінің деңгейі қаладағыдай болмайды. Ауыл мектептеріне де жеткілікті деңгейде материалдық көмек болса, игі болар еді, - дейді Жанар Досанова.
Ұстаздың пікірінше, мұғалімдердің аттестациясы да көбінде-көп педагогтардың еңбегін ескермейді. Мысалы, 30 жыл жұмыс істеген ұстаз аттестациядан сүрінсе, барлық жинаған еңбегі, тәжірибесі мен білімі босқа қалады.
Жанар Досанова мектепте орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Айтуынша, соңғы жылдары әртүрлі этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген көзқарасы өзгерген.
- Жағдай өзгеріп келеді. Мысалы, менің төрт оқушым әртүрлі этнос өкілдеріне арналған республикалық олимпиадаға қатысып, үшеуі бірінші орын, енді бірі екінші орынды иемденді. Ата-аналар оларды жастайынан қазақша балабақшаға беріп жүр. Балалар мектепке келгенде қазақшаны жақсы меңгеріп келеді, - дейді Жанар Досанова.
Тәжірибелі ұстаз қазіргі балалардың жан-жақтылығын ерекше атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұрынғылармен салыстырғанда осы заман оқушыларының өзін көрсетуге зор мүмкіндіктері бар. Мемлекет ол үшін көп жағдай жасаған.
Фото: автор