Ертіс ауданында өртке оранған тұрғын үйден балалар құтқарылды
Жалын арасынан газ баллоны шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бүгін сағат 10:15-те 112 пультіне Ертіс ауылындағы үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Белгілі болғандай екі пәтерлі жеке тұрғын үйдің ағаш шатырының құрылымдары жанған.
Шақыру орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер тұрғын үйге қосарланып салынған бөлменің төбесі жанып жатқанын анықтады.
- Құтқарушылар үй ішінен 2011 және 2016 жылдары туған балаларды құтқарып, өрт орнынан 27 литрлік газ баллон шығарды. Бұл ықтимал жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берді. Балаларға медициналық көмек қажет болмады, - деді Ертіс ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Асқар Бүркітбаев.
Тілсіз жау толықтай жойылып, мамандардың жылдам әрекетінің нәтижесінде жалынның тұрғын үйге таралуына жол берілмеді.
Айта кетелік, оқиға орнына 2 техника мен 8 өртсөндіруші жұмылдырылды.