«Ертістің» қыздары жылды сәтті аяқтай алмады

«Ертістің» қыздары жылды сәтті аяқтай алмады
Фото: @bcirtysh

Ұлттық лиганың соңғы ойынында павлодарлық команда жеңіске жақын болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық командалар өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» қабылдады. Алғашқы ойында қыздар қарсыластарына сөзсіз жеңілсе, екінші ойында №2 спорт мектебінің алаңында нағыз тартыс өрбіді. Дильназ Еркебай әдеттегідей шеберлік танытып, 18 ұпай жинады.

Алғашқы екі ширек тең аяқталды. Алайда үшінші он минутта ақтаулықтар төрт ұпаймен алға шықты. Соңғы ширекте Жұлдыз Байдүйсенованың командасы қанша тырысқанымен, «теңізшілерді» қуып жете алмады. Нәтижесінде 61:58 есебімен «Каспий» жеңіске жетті.

Бұл - павлодарлықтардың 2024 жылғы Ұлттық лига аясындағы соңғы ойыны. Жұлдыз Байдүйсенова шәкірттері келесі кездесуін 1 ақпан күні Астанада «Tigers» командасына қарсы өткізеді. Павлодарда қыздарымызды тек 25 ақпанда «Ақтөбемен» матчта көреміз.

Жігіттер де жанкүйерлерін қуанта алмады. Бір күн бұрын сәтті өткен ойыннан кейін Бранислав Грегорич шәкірттері «Каспийден» 70:62 есебімен жеңіліп қалды. «Ертістің» келесі қарсыласы – Алматы облысынан келген «Ирбис-Алатау».

Матчтар №2 СДЮШОР алаңында (бұрынғы «Автомобилист») 21 және 22 желтоқсанда өтеді. Басталуы сағат 15.00-де. Павлодарлықтарға жанкүйерлердің қолдауы қажет.