«Face to Face»: павлодарлық жастар заң мен қауіпсіздік мәселелерін көтерді
Мамандар алты бағыт бойынша кеңес берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Face to Face: Заң & Жастар интерактивті» ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шара жастар арасында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілікті арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Кездесуге жүзге жуық жас қатысты. Диалог алаңына облыстық прокуратураның, полиция департаментінің, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, Республикалық психикалық денсаулық орталығы, құқық қорғау органдары, заң саласының мамандары мен республикалық деңгейдегі сарапшылар шақырылды.
Жиын барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысы түрлі тақырыптық алаңдарда мамандармен тікелей пікір алмасты. Интернет қауіпсіздігі, жастардың құқықтары, алаяқтықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллинг, азаматтық жауапкершілік және әлеуметтік желідегі құқықтық нормалар мәселелері талқыланды. Әр алаңда жастар нақты мысалдар арқылы ақпарат алып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Еріктілердің өңірлік фронт-офисінің жетекшісі Тамирис Бесеенованың айтуынша, мұндай кездесулер жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі алаңда жастар өздерін толғандырған сұрақтарды тікелей мамандарға қойып, нақты әрі сенімді ақпаратқа қол жеткізді. Ал мемлекеттік органдар жастардың пікірін, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік алды. Мұндай ашық диалог қоғам мен жастар арасындағы байланысты күшейтіп, өзара сенімнің артуына және белсенді азаматтық ұстанымның қалыптасуына ықпал етеді, – деді ол.
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Сүйіндік Қайырбаев жастар арасында кең таралып келе жатқан интернет-алаяқтық схемалары туралы баяндады. Әсіресе дроперлік мәселесіне ерекше тоқталды.
– Қатысудағы мақсатым – киберқылмыспен күрес жайында жастармен бөлісу. Дроперлік және интернет-алаяқтық мәселелерін көтердік. Жастар бүгінгі кездесуден өздеріне қажетті пайдалы ақпарат алды деп ойлаймын, – деді Сүйіндік Қайырбаев.
Кездесуге қатысқан жастар да іс-шараның пайдалы болғанын атап өтті. Жоғары түсті металлургия колледж студенті Қуаныш Жұмаберген құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша маңызды ақпарат алғанын жеткізді.
– Бүгінгі басқосу кезінде дроперлер туралы білдім. Олардың қазіргі таңда қандай алаяқтық схемаларды пайдаланатынын естідім. Барлық мамандарды ыңтамен тыңдап шықтым. Мен үшін олардың айтқандарының бәрі пайдалы болды, – деді студент.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, цифрлық кеңістіктегі қауіптерден сақтану жолдарын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, жастар құқық қорғау органдары өкілдерімен ашық пікір алмасып, өз құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат алды.