Футболдан бірінші лигада «Елімай» жетінші ойын қатарынан жеңіске жетті
Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінде «Елімай» жетінші ойын қатарынан жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін бірінші лиганың 9-туры мәресіне жетті. Көш басында келе жатқан Семейдің «Елімайы» қатарынан жетінші мәрте жеңіске жетті. Олар аталған турда Павлодар облысының «Екібастұз» клубын 7:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді.
Нәтижесінде 22 ұпаймен турнир кестесінде қайтадан көш басына шықты. Одан кейінгі орындағы Түркістанның «Тұран» командасында 19 ұпай бар.
Сондай-ақ, «Тараз» өз алаңында Шымкенттің «Оңтүстік академиясымен» 3:3 есебімен тең түссе, «Ақтөбе жастары» алматылық «Хан тәңіріне» 0:3 есебімен жол берді.
Айта кетсек, аталған турда 25 мамырда төрт ойын өткізілді. Түркістандық «Тұран» аталған турда шымкенттік «Қыранды» 4:3, алматылық «Жас қыран» өз алаңында Түркістан облысының «Арыс» командасын 8:1, «Астана жастары» «Қайрат жастарын» 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал, «Түркістан» елордалық «Жеңіске» 1:4 есебімен есе жіберді.
Енді 10-тур ойындары 31 мамыр және 1, 2 мамыр күндері өткізіледі.