Иса Байзақовтың мерейтойы: Ертіс ауданында 100-ден астам киіз үй тігілді

Иса Байзақовтың мерейтойы: Ертіс ауданында 100-ден астам киіз үй тігілді
Фото: Ислам Достов

Қазақтың дарабоз ақыны Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған кең ауқымды мерекелік шара өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тарихы терең той аясында Ертіс ауданында 100-ден астам киіз үй тігіліп, этноауыл бой көтерді. Ұлттық киім киген жұрт, алтыбақан мен қаз-қатар тігілген киіз үйлер салтанатты көрініске сән беріп, мерекеге жиналған жұртшылықты рухани әлемге жетеледі.

Дәл осы сәтте спорт алаңдарында ұлттық ойындар басталып, көрерменнің делебесін қоздырды.

Көкпар бәсекесінде Екібастұздың Ақкөл командасы қарсыластарынан оза шауып, үш миллион теңгенің жүлдесіне ие болды.

Қазақ күресі де өз мықтыларын анықтады. 90 келіге дейінгі салмақта Ақтоғай ауданының балуаны Еламан Ерғантай қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, 500 мың теңге ұтты. 90 келіден жоғары салмақта Майқайындық Дәлелхан Мұхтар жеңіс тұғырынан көрініп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады.

Түстен кейін дәстүрлі бәйге басталып, дүбірлі доданың көрігін қыздырды. 15 және 25 шақырым қашықтыққа созылған жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шабандоздар қатысты. Тұлпарлар саны – 28. Жүйріктерді қолдауға келген жанкүйерлердің қуанышы мен толқуын дала төсіндегі шаң мен шабыс одан әрі арттыра түсті.

Сонымен қатар этноауыл аумағында ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге киіз басу, алаша тоқу, зергерлік және шеберлік өнерінің үлгілері көрсетілді. Қолөнер шеберлері дәстүрлі бұйымдардың жасалу жолымен бөлісіп, ұлттық мұраны насихаттауға үлес қосты.

Иса Байзақовтың мерейтойы өңір руханияты мен мәдениетінің мерейін тасытқан, ұлттық болмысты ұлықтаған айтулы оқиғаға айналды.

Ислам Достов