Көшедегі қауіп: Павлодар облысында иттердің агрессиясы артқан

Көшедегі қауіп: Павлодар облысында иттердің агрессиясы артқан
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында қаңғыбас және қараусыз жануарлар мәселесі қоғамның алаңдаушылығын күшейтіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы өзекті мәселе облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында кеңінен талқыланды. Жиынның басты тақырыбы — көшедегі бақылаусыз жануарлардың адам өмірі мен қауіпсіздігіне төндіріп отырған қаупі және бұл мәселені шешуге бағытталған кешенді шаралар болды.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев баяндама жасап, өңірдегі ахуалдың әлі де күрделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қаңғыбас жануарлардың көбеюі тек санитарлық немесе экологиялық проблема емес, бұл — тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін әлеуметтік мәселе.

Статистика алаңдатарлық. 2025 жылы Павлодар облысында жануарлардың адамдарға шабуыл жасауы мен агрессиясының 2663 фактісі тіркелген. Оның ішінде 1546 жағдай иттерге қатысты болса, 744-і — қаңғыбас иттердің шабуылы. Мысықтардан келген агрессия бойынша 917 жағдай тіркелген. Бұдан бөлек, жылқы, ірі қара және жабайы жануарлардың шабуылдары да кездескен.

Әсіресе, балалар мен қарттарға қаңғыбас иттердің шабуылы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда. Көшеде еркін жүрген иттердің топтасып жүруі тұрғындарды үрейде ұстап отыр. Қоғамдық кеңес мүшелері мұндай жағдайдың алдын алу үшін тек уақытша шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті.

2025 жылы тұрғындардың өтініштері негізінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген 2049 қаңғыбас жануар жойылған. Оның 1979-ы — иттер. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 353 агрессия фактісі тіркеліп, 161 қаңғыбас ит жойылған.

Сонымен қатар, облыста қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау, стерилизациялау және вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Павлодар қаласында 300 орындық уақытша ұстау пункті жұмыс істейді. 2025 жылы 593 қаңғыбас ит ұсталып, олардың бір бөлігі стерилизацияланып, вакцинациядан өткізілді. 241 ит жаңа иелеріне берілген.

Дегенмен, кеңес отырысында мәселені тек жануарларды аулау арқылы шешу мүмкін еместігі айтылды. Мамандардың пікірінше, ең алдымен үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Себебі көшедегі қаңғыбас иттердің едәуір бөлігі кезінде иесіз қалған үй жануарлары.

Баяндама барысында жол-көлік оқиғаларына себеп болатын қараусыз ауыл шаруашылығы жануарлары мәселесі де көтерілді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, иесіз жүрген мал арнайы орындарға қамалып, иелері жауапкершілікке тартылады. Барлық ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде сәйкестендіріліп, арнайы базаға тіркелуі тиіс.

Қоғамдық кеңес мүшелері мәселені шешу үшін заңнаманы күшейту, жануарларды міндетті тіркеуді толық бақылауға алу, иесіз жануарларды көбейтпеу және тұрғындар арасында жауапты жануар ұстау мәдениетін қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Қаңғыбас жануарлар мәселесі — жай ғана коммуналдық проблема емес. Бұл — адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп және тұрғындардың күнделікті тыныштығына тікелей қатысты мәселе. Сондықтан оны шешу бір ғана ветеринарлық қызметтің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр.