Кенжекөл ауылында жаңа мешіт ашылды
"Шайхы ата" атындағы жаңа мешітте бүгін алғаш рет азан шақырылып, намаз оқылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін кенжекөлдіктер ауылдың 95 жылдығын тойлауда. Осы айтулы датаға орай "Шайхы ата" атындағы жаңа мешіт салтанатты түрде жамағатқа есігін ашты.
Шараға ауыл тұрғындарымен бірге облыстың бас имамы Жолдас-Қажы Қоспақұлы қатысты.
- Келген қадамдарыңыз сауаптан болсын. Бүгін біз қуанышты себеппен бас қостық Алланың қалауымен Кенжекөл ауылында әдемі де көркем, бүгінгі заманға сай салынған үлкен әрі жаңа мешіттің ашылуына жиналып отырмыз. Осы мешіт құтты болып, іші жамағатқа толсын. Алланың үйінде әр адам жақсылыққа бет бұрады. Тәуелсіздік алғаннан бері Аллаға шүкір облысымыздың барлық өңірінде мешіт ашылды, - деді бас имам.
Жолдас-Қажы Қоспақұлы жиында мешіттің тарихына қысқаша тоқталып өтті.
- 1996 жылы осы ауылда ең алғашқы мешіт ашылған болатын. Ол мешіт өз заманында жамағатқа лайықты қызмет етті. 1997 жылы осы ауылдан шыққан ғұлама, Ислам дініне адал еңбек еткен, Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбеті болған Рысбек Шайхы ата деген атамыздың есімі берілді. Бүгінде мешітке келетін жамағаттың саны артқаннан кейін ауылға үлкен мешіт қажет болды. Бұл іс бір адамның қолынан келмейді. Алланың үйінің бой көтеруіне көптеген жан үлес қосты. Барлығыңызға Алланың нұры жаусын, - деп түйінделі сөзін.
Бас Мүфтияттың бұйрығымен жаңа мешіттің бас имамы болып Тереңкөл ауданындағы мешітте қызмет еткен Маралбек Уахитов тағайындалды. Ал "Шайхы ата" мешітінде ұзақ жылдар еңбек еткен Ақбас Жүсіп-қажы өзінің өтініші бойынша найб имам болды.
Салтанатты шара барысында мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан азааттар марапатталды.