Кеш болмасын: Асайын Байханов балаға қауіп төнген кезде үнсіз қалмауға шақырды
Тұрғындар балалардың зардап шегуі немесе оларға қауіп төну жағдайларында тікелей облыс әкіміне хабарласып, айта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзінің жеке Instagram парақшасында Екібастұзда өткен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша арнайы жиналыс туралы жазды. Жиынның себебі– Бесқауға ауылындағы жеті жасар бүлдіршін Милана Давыдовамен болған жантүршігерлік оқиға болды.
– Өкінішке орай, біз оның алдын ала алмадық. Бүгін бұл жазбаны сіздерге қабылданған шараларды немесе тәуекел тобындағы отбасылармен одан әрі жасалатын жұмыстарды хабарлау үшін жазып отырған жоқпын. Мен басқа туралы айтқым келеді,– деп жазды аймақ басшысы.
Оның сөзінше, әрбір бала трагедиясы - көптеген адамдардың - шенеуніктердің ғана емес, туыстарының, таныстарының, көршілерінің де немқұрайлылығы және бей-жай қарауының дәлелі. Тергеу көрсетіп отырғандай: сұмдық жағдай орын алғанға дейін көрген, білген, байқаған немесе болжаған, бірақ, үндемей ғана өтіп кетуді, араласпауды жөн көрген.
Асайын Байханов балалар зардап шегетін және оларға қауіп төнуі мүмкін жағдайларда тікелей оның direct-не жазуға болатынын атап өтті.
–102 нөміріне қоңырау шалыңыз, не болмаса облыс әкімдігінің WhatsApp желісіне жазыңыз– 8 702 166 16 61. Бүгін, дәл қазір. Өйткені, ертең кеш болып, өкініп қалмас үшін,– деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Асайын Байханов Екібастұзда орын алған оқиғаға қатысты бірнеше лауазымды тұлғаға сөгіс жариялаған болатын.