Колледжден машина жасау зауытына дейін: павлодарлық Сәбихан Матаевтың еңбек жолы
Ол үшін машина жасау саласы – ең алдымен сүйікті мамандығы, жауапкершілік және сенімді команда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ERG Service Павлодар машина жасау зауытының электрмонтері Сәбихан Матаев жақсы жұмыс қарапайым нәрседен басталады деп есептейді: өз ісіңді білу және қасыңдағы адамдардың сенімін ақтау. Зауытқа келгеніне көп бола қойған жоқ, дегенмен ол мамандығын саналы түрде таңдаған. Электр энергиясы, техника және ақауларды анықтау ісіне Сабихан оқу кезінде-ақ қызыққан.
Сәбихан Ақсу қаласында туып-өскен. Сол жерде колледжді «электрмонтер» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқудан кейін әскер қатарында қызмет етті, одан соң мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. ERG Service Павлодар машина жасау зауытында ақпан айынан бері жұмыс істейді.

Жұмыс күндері әртүрлі өтеді: кейде бәрі жоспар бойынша жүрсе, кейде жабдық шұғыл назар аударуды қажет етеді.
— Электрмонтердің жұмысы – ең алдымен жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету. Мысалы, кран тоқтап қалса, өтінім түседі де, біз ақауды дереу жоюға кірісеміз. Кейде электр қозғалтқышын ауыстыру немесе жарықтандыру жүйесін қалпына келтіру қажет болады. Станоктар да істен шығады. Мұндай кезде ақаудың себебін анықтап, оны жоямыз, — дейді Сәбихан Матаев.
Бұл мамандықта нәтиже көп жағдайда бүкіл команданың үйлесімді жұмысына байланысты. Сәбихан да ұжымды жұмыстың табысты болуының басты шарттарының бірі деп санайды.
— Ең қиын тапсырмалар болады деп ойламаймын. Барлығы бірлесе, ұйымшылдықпен жұмыс істесе, кез келген іс тез әрі жеңіл орындалады, — дейді электрмонтер.
Сабиханның техникаға деген қызығушылығы бала кезінен пайда болған. Сондықтан мамандық таңдау ол үшін табиғи шешім болды. Ол әрдайым техниканың құрылысын зерттеп, ақаудың себебін анықтап, жабдықты қайтадан жұмыс жағдайына келтіргенді ұнататын.

Оның мінезінің қалыптасуына әскердегі қызметі де үлкен әсер етті. Сәбиханның айтуынша, әскери қызмет оған күн тәртібін сақтауды, тәртіп пен жауапкершілікті бағалауды үйреткен. Бұл қасиеттер өндірісте де қажетке жарады.
Бос уақытында ол футбол ойнағанды және балық аулағанды ұнатады. Спорт жұмыс күнінен кейін көңіл сергітуге көмектессе, балық аулау қалыпты ырғақтан алыстап, табиғат аясында тынығуға мүмкіндік береді.
Сәбихан отбасы туралы ерекше жылылықпен айтады. Оның екі қызы бар. Әке жолын жалғастыруды ол, сірә, қыздарына ұсынбас еді. Ал ұлы болған жағдайда, бұл мәселеге басқаша қарауы мүмкін екенін айтады.
Машина жасау саласы көп жағдайда аға буын мамандарының тәжірибесіне, шеберлердің біліміне және жас жұмысшылардың мамандыққа деген қызығушылығына сүйенеді. Ал Сәбихан үшін ең маңыздысы – өзіңе шынымен ұнайтын істі табу. Сонда жұмыс жай ғана табыс табудың көзі емес, өміріңнің бір бөлігіне айналады.

Сәбихан Матаев ERG Service-тегі еңбек жолын енді бастап келеді. Дегенмен қазірдің өзінде өз мамандығының басты қағидасын біледі: қасыңда сенімді команда болса, тіпті күрделі ақаудың өзі үлкен мәселеге айналмайды.
Машина жасаушылар күні қарсаңында Сәбихан әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады:
— Баршаңызға зор денсаулық, жұмыста табыс және барлық жақсылықты тілеймін!
Шын жүректен айтылған қарапайым тілектер кәсіби мерекенің атмосферасын — еңбекке және күн сайын бірге жұмыс істейтін адамдарға деген құрметті дәл жеткізетіндей.
Жарнамалық материал