Концерт, ұлттық спорт және отшашу: Ақсулықтар қала күнін қалай тойлайды

Сахнада – «Дос-Мұқасан», Дильназ Ахмадиева мен Мирас Жүгінісов, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Металлургтер күні мен қала күніне орай 18 шілде күні Ақсу қалалық саябағында үлкен мерекелік шара өтеді. Басталуы сағат 15:00-де.
Мереке балаларға арналған көңілді бағдарламамен ашылады. Аниматорлар, байқаулар мен ойындар кішкентай қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сағат 16:00-де ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Қатысушылар өз күшін сынап, көрермендер нағыз тартысты сәттердің куәсі болады.
– Сағат 18:00-де металлургтер мен қала тұрғындарын салтанатты құттықтау рәсімі өтеді. Одан кейін көптен күткен мерекелік концерт басталады. Кешті харизмасы мол Ринат Абдулкаюмов пен актриса әрі блогер, халықтың сүйіктісі Татьяна Турлай жүргізеді. Сахна төрінде елге әйгілі өнерпаздар өнер көрсетеді: аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобы, ерекше даусымен танымал Дильназ Ахмадиева және талантты Мирас Жүгүнісов, – деді ұйымдастырушылар.
Мерекенің шарықтау шегі – жарқын әрі әсерлі отшашу.