Мәдениет үйі, жолдар мен амбулатория: Келер жылы Павлодар ауданындағы өзгерістер

Мәдениет үйі, жолдар мен амбулатория: Келер жылы Павлодар ауданындағы өзгерістер
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ауданда бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Бұл туралы Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев мәлімдеді. Атап айтқанда, Мичурин ауылында 250 орындық Мәдениет үйінің құрылысы аяқталады. 

– Ал Достық ауылында су құбырын қайта жаңарту және салу бойынша екі жылдық жоба басталады. Аталған жобаға құрылыс жұмыстарын бастау үшін 400 миллион теңге бөлінген, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, Чернорецк ауылында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүргізіледі. Коряковка ауылында әуе электр беру желісі қайта жаңартылады.

Аудан аумағындағы жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Черноярка, Богдановка және Әйтім ауылдарында ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланған.

– Білім және әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. Луганск жалпы орта білім беру мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Чернорецк ауылындағы «Ақбота» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтеді, – деді Дидар Ибраев. 

Сондай-ақ, Луганск ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы басталмақ.

Аудан әкімі аталған жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және елді мекендердің тұрақты дамуына бағытталғанын атап өтті.