Майқайың кенішінде құтқарушының каскасы табылды
Қайғылы оқиға орын алған жерде іздеу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Telegram арнасындағы парақшасында хабарлады.
– «Майқайың-алтын» АҚ кенішінде іздеу жұмыстары жүргізілген жерде бүгін жаңа бөлшектер, яғни құтқарушының каскасы, автобустың ішкі сөресі есігінің кішігірім бөлігі және де құтқарушының «XFERRA» қол радиостанциясы табылды. Бұл заттар жердің бетіне көтерілді, – деп жазды аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін құтқарушылар автобустың үлкен бөлшегін – дөңгелекті тапқан болатын. Асайын Байханов Майқайың кенішінде қаза болған құтқарушылардың отбасыларына барды. Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайың-алтын» АҚ екі миллион теңге төледі, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталығы бір миллион 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті.