Майқайыңда кәріз жүйесін жаңғыртуға қаражат бөлінбек
Асайын Байханов жобаны созбай, қаржыландыру мәселесін облыстық бюджеттік комиссияға шығаруды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында Майқайың кентіндегі кәріз жүйесінің жағдайымен танысты.
Қазір кентте диаметрі 400 миллиметр болатын өздігінен ағатын кәріз коллекторы және бес кәріз сорғы станциясы жұмыс істейді. Станциялардың бірінен ағынды су қысымды коллектор арқылы негізгі өздігінен ағатын желіге жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, кәріз желілерінің техникалық жағдайы учаскелерге қарай әртүрлі. Сондықтан жоба қолданыстағы құбырлардың бір бөлігін санациялау мен кейбір учаскелерде жаңа желілер салуды қатар қарастырады.
– Желілердің бір бөлігін санациялау жоспарланған. Жекелеген учаскелерде құбырлар ашық тәсілмен салынады. Жобалық құжаттама сараптамадан өтіп қойды, – деді «Арық Project Plus» ЖШС директоры Әсел Сапарова.
Өңір басшысы дайын жобаны іске асыруды кейінге қалдырмауды тапсырды. Бірінші кезекте қаржыландыру жөніндегі ұсыныс облыстық бюджеттік комиссияның қарауына енгізілуі тиіс.
– Қаражаттың бір бөлігін облыстық бюджеттен басқарма арқылы бөлеміз, қалған қаржыны республикалық бюджеттен сұраймыз. Республика жобаға қолдау көрсетпеген жағдайда да оны өз қаражатымыз есебінен екі жылдың ішінде жүзеге асырамыз, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, конкурстық рәсімдерді қазірден дайындау қажет. Жоспар бойынша жұмыстар 2026 жылы басталып, 2027 жылы аяқталуы тиіс.
Жұмыс сапары кезінде Майқайыңдағы сүзу алаңдарының алдағы жағдайы да талқыланды. Мамандар қолданыстағы жүйенің шамамен он жыл бұрын салынғанын, содан бері ағынды суды тазарту технологиялары өзгергенін атап өтті.
Жаңа шешім аясында ағынды суды бұруға арналған коллектор салу және тазарту жүйесін жаңарту көзделген.
Жоба жүзеге асқаннан кейін Майқайыңдағы ескірген кәріз желілерінің бір бөлігі қалпына келтіріліп, жаңа учаскелер салынады. Сонымен қатар ағынды суды бұру және тазарту жүйесі жаңартылады.