Май ауданында бір тоннаға жуық заңсыз балық аулаған алматылықтарға 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Май ауданында бір тоннаға жуық заңсыз балық аулаған алматылықтарға 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Биыл Павлодар облысында уылдырық шашу кезеңінде бақылаудағы аумақта табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 27 фактісі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай хабарлады. 

Инспекция Май ауданының Қарасор көлінде екі қылмыстық құқық бұзушылық фактісін анықтады. Екі жағдайда да тыйым салынған балық аулау құралдарымен заңсыз балық аулау жүргізілді. Былтыр үш қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның екеуі Қарасор көлінде болды, – деп хабарлайды Нұржан Қазтай.

Оның айтуынша, 13 мамырда балық шаруашылығы инспекциясы екі алматылық тұрғынды заңсыз балық аулағаны үшін  Қарасор көлінде ұстаған. Олардан 911 кг мөңке балығы және заңсыз балық аулау құралдары алынған.  Алматылық тұрғындарды полиция бөлімшесіне апарған кезде Қапшағай қаласынан келгені анықталды. 

Олар Қарасорда заңды түрде балық аулауға болады деп біреуден естіп келген екен. Бұл факт бойынша материалдар сотқа жіберіліп, 1 миллион  900 мың теңгеге айыппұл салынды. Дәл сол жерде 20 мамырда Павлодар облысының екі тұрғынына резеңке қайықпен 372 келі балық аулағаны үшін  770 мың теңге айыппұл салынды.  Материалдар  Май ауданының полиция бөліміне қылмыстық іс қозғау үшін жолданды, – деді спикер. 

Айта кетейік, Павлодар облысында жергілікті маңызы бар 58 балық шаруашылығы су айдыны 31 жануарлар дүниесінің пайдаланушысына бекітілген.

Фото: Константин Шелков