Май ауданының шабандоздары көкпардан бір миллион теңге ұтты

Май ауданының шабандоздары көкпардан бір миллион теңге ұтты

Ұлттық ойын ауданның 85 жылдық мерейтойына орай өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Көктөбе аулына кіреберіс жолында көкпар ойыны бойынша жарыс өтті. Бес командаданың шабандоздары өзара бақ сынасып, жүлдеқоры үшін таласқа түсті. Павлодар облысының көкпар федерациясының президенті Амангелді Сұлтанов туған жерінде өткен мерейтойлық көкпарда төрешілік етті. 

– Май ауданында көкпар жиі ұйымдастырылып жатады. Бүкіл ауылдың шабандоздары келіп жиналды. Кейбірі Май аулында, біреулері Саты ауылында жаттықты. Ең жас шабандоз – Асанәлидің жасы 18-де. Оған «қошқар» деген лақап ат берілді. Көкпарда ол менің ат қорамдағы тұрған Шатақ деген атпен шапты. Асанәлі Саты ата деген командаға қызмет көрсетті,– деді Амангелді Сұлтанов.


Оның сөзінше, Май ауданының көкпаршылары облыс деңгейінде фаворит командасы болып саналады. 

– Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығында болған көкпардан Ақкөл командасы бірінші орынға ие болды.  Екінші орынға Саты ата командасы ілікті,– деді бас төреші.


Екі күндік жарыстың нәтижесінде бесінші орынға Қаратерек командасы жайғасып, 100 мың теңге ұтса, төртінші орынды Кентүбек шабандоздары иеленіп, 300 мың теңге ұтты. Үшінші орын Саты ата командасына бұйырып, 500 мың теңге ұтыс берілді. Бірінші орынға таласта баянауылдықтар есе жіберіп, Май ауданының командасына жол берді. Жеңген команда 1 миллион теңгені ұтты.