Миллиардтаған қаржы жымқыру бойынша іздеуде жүрген павлодарлық Сочиде ұсталды

Миллиардтаған қаржы жымқыру бойынша іздеуде жүрген павлодарлық Сочиде ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол жалған шот-фактуралар жазып берді деген күдікке ілінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Павлодар қаласының тұрғыны, бұрын халықаралық іздеуге жарияланған Юлия Шахметова ұсталғанын хабарлады.

–  Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша 1,8 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып берді деген күдікке ілінді, – деді департаментте. 

Күдікті 2025 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің ресейлік әріптестермен бірлескен жедел іс-шаралары барысында Ресей Федерациясы, Краснодар өлкесі, Сочи қаласында қолға түсті.

Қазіргі уақытта ол Сочи қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құзырлы органдар күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесін қарастырып, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.