Олжас Бектенов Екібастұзда МАЭС-3 құрылысының жобасымен танысты

Олжас Бектенов Екібастұзда МАЭС-3 құрылысының жобасымен танысты
Фото: Үкімет

Сапар аясында Премьер-министр өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының дамуымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көмір генерациясын дамыту және экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жаңа қуаттарды іске қосу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысын және энергетика мен көмір өндіруде цифрлық шешімдер енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Павлодар облысы – электр энергетикасын өндіру мен дамытудың флагманы. 2025 жылы өңір елдегі жалпы көрсеткіштің 42 пайызын өндірді. Екібастұздағы бірқатар энергетикалық нысан, атап айтқанда, МАЭС-1, МАЭС-2, «Богатырь Көмір» ЖШС көмір кеніші мысалында жұмысының ағымдағы тиімділік көрсеткіштері мен энергия кешенін одан әрі дамыту перспективалары қаралды.

Премьер-министрге еліміздегі қатты отынмен жұмыс істейтін ең ірі станса – Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 алаңында нысанды жаңғырту барысы туралы баяндалды. Отынмен қамтамасыз ету жүйесін реконструкциялау, жаңа түтін құбырын салу, кейін ескісін бөлшектеу – өңірді энергиямен қамту сенімділігін арттырудың негізгі элементтерінің бірі.

Сондай-ақ өңірдегі генерациялық және желілік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар, оның ішінде қуаты 325 МВт Ақсу МАЭС-тегі №7 энергоблокты реконструкциялау, жекелеген энергия көздерін жаңғырту, сондай-ақ заманауи технологияларға негізделген жаңа жобаларды әзірлеу және баламалы энергияны дамыту жобалары таныстырылды. 

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, биыл Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін, оның ішінде 2 427,6 МВт газ жобаларын және 245,8 МВт ЖЭК-ті іске қосу жоспарланып отыр. Барлығы 13 жоба, оның ішінде Текелі энергокешені, Атырау ЖЭО, Түркістан облысында, Алматы қаласында бу-газ қондырғылары және т. б. жобалар іске асырылады. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымының барысы туралы баяндады. Энергия көздеріндегі негізгі 46 жабдықта жөндеу жұмыстары аяқталып, 37,1 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл жылу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, тозу деңгейін 1,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Екібастұз МАЭС-2-нің құрылыс алаңында Премьер-министр стансаны кеңейту және реконструкциялау жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бүгінгі таңда мұндағы энергия қуаты 1 ГВт-ты құрайды. №3 және №4 энергия блоктарын салу стансаның қуатын 2,1 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов аталған блоктар 2028 жылғы қыркүйекте (№3 энергоблок) және 2030 жылғы қыркүйекте (№4 энергоблок) пайдалануға берілетінін баяндады. Кеңейту жобасын жүзеге асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 1,2 трлн теңгеден асады. 

МАЭС-3 құрылысының жобасы бойынша қуат көздерін кезең-кезеңімен енгізе отырып, «таза көмір» технологиясы негізінде жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа көмір генерациясын құру жоспарланып отырғаны атап өтілді.

– МАЭС-2-нің қосымша энергия блоктарын іске қосу және МАЭС-3-тің құрылысын бастау – бұл барлық экономикаға серпін береді. Біз біртіндеп энергия тапшылығын жойып, отандық бизнеспен қатар инвесторлар үшін де қажетті энергия қуаттарын ұсынуға мүмкіндік аламыз, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.