Онлайн несие: Павлодарлық алаяқтардың құрбаны болды

Онлайн несие: Павлодарлық алаяқтардың құрбаны болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әккі қулар несиені толық мерзімінен бұрын өтеуге кепілдік берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қала тұрғыны онлайн несие рәсімдеуге байланысты алаяқтық схеманың құрбаны болды. Алаяқтар рәсімделген несие сомасының 10 пайызы мөлшерінде бонус төлеп беруге, сондай-ақ несиені мерзімінен бұрын толық өтеуге кепілдік берген.  

Оларға сенген әйел арбаушылардың барлық нұсқауын орындаған.

Алайда несиелер рәсімделгеннен кейін уәде етілген төлемдерді ала алмаған, ал несиелерді өтеу міндеттемесі өзіне қалған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында осындай тәсілмен тағы тоғыз азаматтың алданғаны анықталды.

Қазіргі уақытта күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар,  қылмыстың барлық мән-жайы және басқа да тұлғалардың қылмысқа қатыстылығы анықталуда.

Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың мыңнан астам фактісі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі бірнеше мыңнан ондаған миллион теңгеге дейін жетеді.

Павлодар облысының полиция департаменті үшінші тұлғаларға жеке деректеріңізді, банк карталарының деректемелерін, растау кодтары мен құпиясөздерді хабарламауды, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша, тіпті олар өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырса да, несие рәсімдемеуді және кез келген қаржылық операцияны жүзеге асырмас бұрын алынған ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруді немесе тікелей банкке хабарласуды ескертеді.