Павлодарға қарасты ауылдық мәдениет үйлері арасында өнер додасы өтті

Павлодарға қарасты ауылдық мәдениет үйлері арасында өнер додасы өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өнерпаздар бес бағыт бойынша жарысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы әкімдігі және қалалық мәдениет басқармасы қолдауымен Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйі мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, ауылдық мәдениет үйлері үйірмелері арасында «Өнеріміз сіздер үшін, туған ел» атты өнер додасы өтті. 

Байқаудың мақсаты – ауылдық мәдениет үйлері үйірмелерінің жұмысын қолдау, шығармашылықтарына жаңа талпыныс пен шабыт беру.

Өнер додасына Атамекен кентінің Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйі, Кенжекөл ауылдық округінің Қамар Қасымов атындағы мәдениет үйі, Павладар ауылы Роза Бағланова атындағы мәдениет үйі, Жетекші ойын - сауық орталығы өздерінің өнерлі шәкірттерін байқауға бақ сынасу үшін алып келді.

Айта кету керек, өнер додасы – жалпы қазір республикада белсенді өткізіліп жатқан жоба. Өткен жылы Шаңырақ халық шығармашылығы орталығы аудандар арасында өткізіп, аудандық мәдениет үйлерінің тың жобаларының жарыққа келуіне себеп болған еді.

Биыл дәстүрлі ән, терме, күй, би, вокал жанрлары бойынша бақ сынаған үйірме өнерпаздарына Шаңырақ халық шығармашылығы орталығының кәсіби мамандары, өнер майталмандары қазылық етті.

Олардың шешімі бойынша үшінші орын Қамар Қасымов атындағы мәдениет үйіне тиесілі болса, екінші орын Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйіне бұйырды. Бірінші орынға Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйі ие болды.