Павлодар құрамасы республикалық олимпиадада бас жүлдені еншіледі

Павлодар құрамасы республикалық олимпиадада бас жүлдені еншіледі
Фото: Константин Шелков

Биыл облыстық құрамаға екі бағыт бойынша жетпістен астам оқушы енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының оқушылары республикалық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты. Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша облыс құрамасы жалпы есепте үшінші орын алып, облыстар арасында көш бастады. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы команда гран-при иеленді.

Биыл облыстық құрамаға екі бағыт бойынша 72 оқушы енген. Олар облыстық пән олимпиадасының бірнеше кезеңінен іріктеліп, ақпан айынан бастап күшейтілген дайындықтан өткен. 

 «Ертіс дарыны» аймақтық мектепке дейінгі білім беру оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Азамат Шаймұраттың айтуынша, оқушыларды жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелі жаттықтырушылар дайындаған.

- Жаратылыстану-математика бағыты бойынша облыстық командамыз қола медаль, яғни үшінші орын иеленді. Ал облыстар арасында бірінші орында біз келеміз. Қоғамдық гуманитарлық бағыттағы олимпиадада біздің команда бас жүлдені жеңіп алды, - дейді ол.

Қоғамдық-гуманитарлық бағытта павлодарлық оқушылар алты алтын, сегіз күміс және сегіз қола медаль жеңіп алған. Бұл нәтиже команданың жалпы есепте көш бастауына мүмкіндік берді.

Өңірде олимпиадалық қозғалыс 25 жылдан бері үздіксіз дамып келеді. Ал 20 жылдан астам уақыт бойы Павлодар облысы республикадағы үздік олимпиадалық командалардың қатарында.

Дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының директоры Қорлан Құспекованың айтуынша, олимпиадаға қатысқан 10 оқушының тоғызы жүлдемен оралған. Қоржында екі алтын, төрт күміс, үш қола медаль және құрмет грамотасы бар.

Гимназияда олимпиадалық қозғалыспен оқушылардың 50 пайыздан астамы қамтылған. Мұнда балаларға арнайы курстар, жеке сабақтар және оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады.

Республикалық олимпиаданың жүлдегері, №3 гимназияның 10-сынып оқушысы Әлнұр Миранова жетістікке жету жолында тәртіп пен табандылық маңызды екенін айтады.

- Жетістікке жету үшін үздіксіз еңбек, мықты тәртіп, ерік-жігер және үлкен сабыр қажет. Олимпиадаға дайындық барысында кейбір нәрселерден бас тартуға тура келеді, - деді оқушы.

Айта кетейік, Павлодар облысында дарынды балаларды анықтау жұмысы мектепке дейінгі кезеңнен басталады. «Бастау», «Жауқазын», «Бала» сияқты байқаулар мен 5-8-сыныптарға арналған олимпиадалар арқылы болашақ резерв қалыптастырылады. Бұл жүйе өңірдің жыл сайын жоғары нәтиже көрсетуіне негіз болып отыр.